Қазақстандағы ең ірі EdTech компаниялардың бірі саналатын Bilim Group тобының негізін қалаушы. Халықаралық қатынастар және стратегиялық менеджмент саласында білім алған, Гарвард университетінде академиялық тағылымдамадан өткен.
2011 жылдан бері цифрлық білім беру және қазақ тілін кеңінен насихаттауға бағытталған жобаларды жүйелі түрде дамытып келеді. WikiBilim қорын құрып, «Қазақша Википедияны» дамытуға қосқан үлесі үшін Wikimedian of the Year халықаралық сыйлығын иеленді. Google компаниясымен серіктестік аясында қазақ тілінің Google Translate жүйесіне енгізілуіне бастамашы болды.
Оның басшылығымен Bilim Group бүгінде 15-тен аса цифрлық өнімді қамтитын, миллиондаған қолданушысы бар ауқымды экожүйеге айналды. Рауан Кенжеханұлы iMektep, Kitap.kz, Twig-Bilim, BilimLand, iTest, OnlineMektep, BilimUstaz, BilimKids, BilimCenter және мектеп пен мұғалімдерге арналған өзге де цифрлық шешімдердің жасалуына тікелей атсалысты.
2022 жылдан бері Bilim Group және Coursera компаниялары арасында серіктестік орнатылып, 100 мыңнан аса қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің озық курстары негізінде білім алуға мүмкіндік алды.
Ал 2025 жылы Bilim Group OpenAI компаниясымен серіктес болып, қазақстандық ұстаздарға ChatGPT Edu қызметін ашып берді.
Сонымен қатар Рауан Кенжеханұлы «Ұлттық аударма бюросы» қорының құрылуына бастамашы болып, «100 жаңа оқулық» ұлттық жобасы мен Oxford баспасымен бірлескен алғашқы қазақ-ағылшын сөздігін жарыққа шығару жобаларының басы-қасында болды.