Қазақстанда EdTech жобаларын дамыту мемлекеттік жүйемен тығыз байланысты, мейлі ол реттеуші ережелер не инфрақұрылым болсын. Мұндай жағдайда білім беру жүйесіне бейімделе отырып, бизнестің дербес моделін сақтап қалу маңызды дейді Савченко мырза: «Еліміздегі білім беру саласының негізгі жүгі мемлекетке түседі, себебі мектептер мен балабақшалардың басым бөлігі мемлекеттік мекемелер. Сондықтан да бұл сектор мемлекеттік саясат пен реттеуші нормаларға бағынады. Оның үстіне, бұл — ұлттық тәрбие мен мәдениетке ықпал ететін өте маңызды сала болғандықтан, кез келген өзгеріс жүйемен үйлесуді талап етеді. Бірақ біз үшін мемлекет — табыс көзі емес, ең алдымен «ойын ережелерін» белгілейтін тарап. Қазіргі таңда табысымыздың 10–15%-ы ғана бюджет қаражатынан құралады. Біз басты құндылықты тікелей қолданушылар — мектептер, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар үшін жасаймыз және жұмысты осы аудиториямен тікелей жүргіземіз».
Әйтсе де төлем қабілеті шектеулі нарықта тұрақты бизнес-модель қалыптастыру оңай емес. Бұл міндетті компания серіктестік жобалар мен тың тәсілдер арқылы шешіп отыр. «Мысалы, серіктесімізбен бірлескен жоба аясында негізгі өнімдерді мектептер мен қолданушылар үшін тегін ететін модельді іске қостық. Біз оқу процесіне артық салмақ түсірмей, керісінше, оны жетілдіруге күш саламыз. Сөйтіп, мемлекеттік нарықтың ерекшелігін ескеретін, бірақ оған басыбайлы тәуелді емес жүйе құра алдық. Дәл осы фактор бізге өз сегментімізде көшбасшы компания атанып, ауқымымызды кеңейтуге мүмкіндік берді», — дейді Bilim Group басшысы.