Сонымен қатар пандемия кезінде ерекше қарқынмен дамыған BilimLand, OnlineMektep өнімдері де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біз контентті үнемі жаңартып отырамыз, өйткені ресурсы шектеулі, әсіресе, ауылдық мектептерге мұндай платформалардың көмегі зор.
- Бүгін білім беру саласындағы қандай процестер технологиялық қолдауға көбірек мұқтаж?
Білім беру жүйесіндегі қағазбастылық мәселесі бар. Оған оқытушылар да, әкімшілік те, ата-аналар да көп уақыт, көп ресурс жұмсайды. Ал технологияның басты міндеттерінің бірі — бірізді процестерді автоматтандыру. Мысалы, біз 2018 жылы SmartNation экожүйесін іске қостық. Бұл жоба білім беру саласындағы процестер мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және автоматтандыруға көмектеседі. Мектепке, балабақшаға немесе жұмысқа қабылдау сырт көзге қарапайым көрінеді, бірақ іс жүзінде артық әрекетке толы. Біз осы процестерді қайта ойластырып, барлық тарапқа түсінікті, ашық әрі жеңіл болатын жүйе қалыптастырдық. Қазіргі таңда SmartNation Қазақстанның түрлі өңірінде 20-дан аса қызмет ұсынады, ал қолданушылар саны 6 миллионнан асады. Сондықтан бұл салада білім беру процестерін түсінікті, ашық, тиімді әрі қауіпсіз жүзеге асыратын жүйелер көптеп қажет.
— ЖИ мұғалімнің жұмысына да елеулі өзгерістер енгізуде. Мұндай құралдар педагогтің рөлін қаншалықты өзгерте алады?
ЖИ мұғалімді алмастыра алмайды. Керісінше, педагогтің рөлі арта түспек. Ұстаздың жүктемесі қаншалықты ауқымды екенін жақсы білеміз. Ал ЖИ-дің көмегімен контентті бейімдеу, әр оқушыға арналған жеке оқу қарқыны сияқты академиялық тәсілдер әлдеқайда тиімді шешілуі мүмкін. Бұрын жеке оқу форматы тек репетиторлар мен менторлар арқылы ғана мүмкін болатын әрі қымбатқа түсетін. Қазір технологиялар бұл тәсілді жаппай қолжетімді етуге жол ашты. Біздің ойымызша, ЖИ-дің білім берудегі басты әлеуеті — қолжетімділік пен мүмкіндіктерді арттыру. Әсіресе, шалғай орналасқан, ресурсы шектеулі мектептер үшін бұл өте тиімді.
— Қазір Қазақстанда педагогтерге арналған ChatGPT EDU жобасы іске қосылып жатыр. Мұндай бастаманың мұғалімдер үшін практикалық маңызы неде?
Иә, бұл жобаға біз де технологиялық серіктес ретінде қосылдық. Жобаның мақсаты мұғалімдерге ChatGPT құралын қолжетімді ету ғана емес, педагогтерді осы құралды дұрыс әрі тиімді қолдануға үйрету. Әдістемелік құралдар беріп, академиялық адалдықты сақтауға көмектесетін тәсілдерді көрсету.
Қазақстанның OpenAI-мен жасасқан меморандумы аясында ChatGPT EDU бойынша 165 мың лицензия ұсынылмақ. Бұл құралды біздің BilimClass арқылы таратып, мүмкіндігінше көп педагогті қамтымақпыз. Біз үшін маңыздысы — мұғалімдер ЖИ-дің практикалық құндылығын көріп, кейін осы тәжірибені оқушылар мен әріптестеріне бөлісе алуы.
— Қазақ тілін технология тілі ретінде дамыту қиын деген пікір бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады және сіз қазақ тілінің бүгінгі әлеуетін қалай бағалайсыз?
Мұндай пікір бары рас, бірақ ол көбіне тілдің өз мүмкіндігінен емес, цифрлық ортадағы дайын контент пен деректің көлеміне байланысты қалыптасады. Кез келген тілдің технологияда қалай жұмыс істейтіні оның цифрлық кеңістікте қаншалықты жүйелі қолданылып отырғанына байланысты.